КОММУНИКАЦИОННАЯ КОМПАНИЯ

АЭФ-2018 таяу келешектегі ұлттық күн тәртібін қалыптастыруға мүмкіндік береді — сарапшылар

Понедельник, 14 Май 2018 08:30 Автор 
Оцените материал
(1 Голосовать)

Қазақстандық сарапшылар алдағы XI Астана экономикалық форумына үлкен үміт артады. Олардың пікірінше, жыл сайын өткізілетін Форум қазіргі заманның негізгі экономикалық және әлеуметтік сын-тегеуріндерімен күрестің тиімді шешімдерін табуға арналған диалогтық алаң ретінде танылды.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев атап өткендей, Астана экономикалық форумының басты қызметі, ең алдымен, ұлттық экономикалық күн тәртібін ғаламдық деңгеймен үйлестіруге бағытталған.

«Біз бүгінгі таңда адамзат алдында тұрған жаһандық экономикалық үрдістер, өзгерістер мен сын-тегеуріндерден үнемі хабардар болуымыз керек», — деді сарапшы «РrimeMinister.kz» АА берген сұхбатында.

Сонымен қатар, С. Көшкімбаев осы жылды және алдағы кезеңді ғаламдық экономика үшін күрделі уақыттардың бірі деп атады. Жаһандық дағдарыс қауіптері, қақтығыстар, саудадағы соғыстар, санкциялық қарсылықтар, Таяу Шығыстағы, Корея түбегіндегі тұрақсыз, күрделі жағдай секілді сын-тегеуріндер таяу келешекте шешімі табылмай, керісінше, барлық жаһандық экономикалық жағдаятқа елеулі әсер етеді. Осыған байланысты, сарапшының пікірінше, Қазақстан мейлінше қаруланып, кез-келген жағдайларға дайын болуы керек.

«Дәл осы жерде жаһандық экономика саласындағы мықты спикерлер мен мамандардың қатысуымен өтетін пікірталастар арқылы жаһандық экономика мәселелерін талқылауға мүмкіндік беретін Астана экономикалық форумының рөлі зор. Әрине, Қазақстан алдын ала ескертіп, сақтандыру шараларын қабылдауға тырысады. Астана экономикалық форумы, әсіресе соңғы талқылау, қазақстандық сарапшылар мен саясаткерлерге жаһандық күн тәртібімен үйлестіре отырып, таяу болашақтың ұлттық күн тәртібін қалыптастыруға жол ашады. Яғни, бұл Қазақстанның әлемдегі қауіпсіздіктің келешек сын-тегеуріндеріне беретін өзіндік жауабы болады», — деді С. Көшкімбаев.

Өз кезегінде ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов Қазақстан жаһандық өсім перспективаларына мүдделі екенін атап өтті. Себебі әлемдік экономика жағдайы қаншалықты жақсы болса, қазақстандық экспорттық тауарларға, мұнайға, металдарға, ауыл шаруашылығы шикізатына деген баға да соншалықты жоғары болмақ. Ғалымның айтуынша, дәл осы әлемдік қаржы секторындағы жағдай елеулі сын-тегеуріндерге ұшырауы мүмкін. Бұл саланың бірнеше әлсіз тұстары бар. Бұл — қарыз, қор нарықтары, криптовалюта сияқты жаңа қаржы құралдарымен байланысты мәселелер.

«Мұның бәрі көптеген белгісіздік жағдайларын тудырады. Осыған орай жағдайды айқынырақ түсінуге және одан не күту керектігін білуге көмектесетін сарапшылар алаңдары қажет», — деп сөзін түйіндеді В. Додонов.

Бұдан өзге, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Шаһарбану Жақыпова Астанада экономикалық форумды өткізуден қандай нәтиже күтетіні жайлы айтып берді.

«Биылғы Астана экономикалық форумы жаңа жаһандық сын-тегеуріндерге және үрдістерге арналатынын атап өту керек. Қазақстанның осы жаһандық мәселелерге қаншалықты қарсы тұра алатыны және осы жаһандық сын-тегеуріндерге Қазақстан қалай жауап беретінін білу өте маңызды. Яғни, барлық пікірталас алаңдарында әлемдік экономика мен әлемдік қауымдастықта болып жатқан қызықты өзгерістер қарастырылады», — деп атап өтті Шаһарбану Жақыпова.

Сарапшы жаңа экономикалық қарым-қатынастарды, цифрлық экономика әлемін дамытудың жаңа шынайылықтарын қалыптастыру кезінде қоғамда және елдің экономикалық дамуында белгілі бір оң құбылыстардың болатынына назар аударды. Алайда, белгілі бір сын-тегеуріндер де бар. Ш. Жақыпова АЭФ-2018 осы сын-тегеуріндерді анықтауға көмектесіп, оларға қарсы тұру жолдарын көрсететініне сенім білдіреді.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Ләззат Нұрқатова жаһандық форум алаңында талқыланатын мәселелер тек экономистер, саясаттанушылар, ғалымдар мен медицина саласының мамандары үшін ғана емес, сондай-ақ көптеген мүдделі тараптарға, соның ішінде жастарға өте қызықты тақырыптар болады деп есептейді.

Форумда осындай мәселелердің бірі «Ұзақ өмір сүру әлемі» трегі аясында талқыланады.

«Егер халықтың қартаюы ғаламда қалыпты үрдіс болса, Қазақстан үшін бұл – мақсат. Көздеген мақсат – халықтың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін ұлғайту. Бұған көптеген факторлар ықпал етеді. Медицинаның, денсаулық сақтау жүйесінің дамуы ғана емес, бұл бар болғаны – 20%. Ол отбасылық қарым-қатынасқа, экономикалық факторға, әлеуметтік статусқа да байланысты», — деді Ләззат Нұрқатова.

Еуразиялық интеграция институтының әлеуметтік зерттеулер департаментінің директоры Ботагөз Төреханова форум тұжырымдамасы қажетті уақытында қайта брендтелді деп есептейді.

«Меніңше, форумның ұйымдастырушылары мәлімдеген жаңа формат өте қызықты әрі заманға сай. Жаһандық мәселелердің жаңа мүмкіндіктер түрінде ұсынылуы өте қызықты көрініс береді. Бүгінгі күннің өзекті тақырыптары осындай ұтымды нұсқада ұсынылатын заманауи форматтарға көшуіміз керек деп есептеймін», — деді Б. Төреханова.

Ботагөз Төреханова форумның қызықты тақырыптарының бірі интеграциялық процестер жайында болатынын айтты.

«Мен үшін интеграциялық құрылымдардың, әсіресе, Еуразия құрлығында қалай дамитыны тұрғысынан жаһандық стратегия мәселесі үлкен қызығушылық тудырады. Біздің түсінуімізше, болашақта барлығы бірігеді, ешбір ел оқшауланбайды. Бөліну тек қауіп пен шығындарға әкелуі мүмкін. Сондықтан да интеграциялық стратегиялардағы үрдістер қандай болатыны, жаһандық ауқымдағы даму қандай болатыны — осының бәрі, әсіресе, халықтарды өзара байланыстыратын немесе алшақтататын әлеуметтік-мәдени факторлар тұрғысынан өте қызықты. Елдеріміздің экономикалық, технологиялық және әлеуметтік-мәдени дамуының – болашағымыздың ынтымақтастыққа байланысты екенін түсінеміз», — деді Ботагөз Төреханова.

Еуразиялық интеграция институтының жаңғырту және интеграциялық үрдістерді зерттеу орталығы басшысының орынбасары Дәурен Базаров Global Challenges Summit 2018 форумынан не күтетіні туралы айтып өтті.

«Алдағы АЭФ-2018 форумынан бүкіл әлемде цифрлық, өнеркәсіптік революцияға байланысты болып жатқан өзгерістер тұрғысынан қазіргі таңның өзекті сұрақтарына тиісті жауаптар алуды күтеміз. Форумда Төртінші өнеркәсіптік революциядағы Қазақстанның орны мен рөлі секілді тақырыптарды талқылаймыз деп ойлаймын. Ауқымды шараға әлемдік жетекші сарапшылар келеді. Қазақстандықтар аталған пікірталастардан пайдалы білім мен тәжірибе жинақтайтынына сенеміз», — деп түйіндеді.

Прочитано 148 раз