Редакционно-издательский центр

ҚАЗАҚСТАН: Еуропа мен Азия арасындағы үндестік

 ҚАЗАҚСТАН: Еуропа мен Азия арасындағы үндестік

    Қазақстан үшін халықаралық саудадағы ең маңызды фактор – тасымалдың тиімді жүйесін құру және көлік инфрақұрылымын дамыту болып табылады. Осыған орай, біздің мемлекет өзінің бірегей географиялық жағдайын неғұрылым тиімді пайдалана отырып, Еуропа және Азия арасындағы құрлықаралық және транзиттік көпір рөлін атқаруға мүдделі. Еліміз жерүсті коммуникацияларын, теңіз бен әуе кеңістігін, сондай-ақ логистиканы дамыту арқылы еуразиялық көлік байланысының маңызды құрамдас бөлігіне айнала алады. Осы тақырыптың мазмұнын тереңірек аша түсу үшін біз ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің бірінші вице-министрі  Жеңіс Қасымбек мырзаны әңгімеге тартқан едік.
  – Жеңіс Махмұдұлы, инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы көлік саласында қалай жүзеге асырылып жатыр және оған қанша қаржы бөлінді, оның қаншасы игерілді? Оған жеке және шетелдік инвестиция тарту мәселесі қалай ұйымдастырылған? Жобалар белгіленген жоспарға сай атқарылып келе ме?
      – Ағымдағы жылы автожол жобаларын іске асыруға 302 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 178 млрд. теңге Ұлттық қордың және 39 млрд. теңге республикалық бюджеттің қаражаттары, қалғаны – займдық қаражаттар. Басқа көлік-логистикалық жобалардың іске асырылуына ұлттық компаниядан 15 млрд. теңге қаражат бөлінді (Боржақты – Ерсай – 6,7 млрд. теңге, Алматы – Шу – 8,3 млрд. теңге). Қаржының басым бөлігін ұлттық компаниялардың өз қаражаттары құрайды.
     Инвестицияларды тарту жөнінде айтатын болсақ, барлық автожол жобаларын іске асырудағы жалпы құнының 75 пайыздан аса бөлігін займдар құрайды. Қазіргі уақытта халықаралық қаржы институттары арқылы, атап айтқанда, Халықаралық даму және қайта құру банкі, Еуропалық даму және қайта құру банкі, Азия даму банкі және Ислам даму банкі арқылы 5,5 млрд. АҚШ долларын тартуға уағдаластық бар. Бұдан басқа, 2,6 млрд. АҚШ доллары көлемінде мемлекеттік емес қарызды ҚХР Эксим Банкінің мемлекеттік кепілдігі негізінде тарту жоспарланған.
    Осындай ауқымды жұмыстарға 200 мыңға жуық жұмысшылар тарту белгіленіп, автожол жобаларын 2017-2018 жылдары толықтай іске асыру көзделген.
    Қазіргі уақытта автожол құрылысына бөлінген қаржының 91 % (2015 жылдың 11 айы ішінде) игерілді. Жалпы алғанда барлық жобалар бекітілген кестеге сәйкес уақытылы жүзеге асырылуда.
Шымкент пен Тараз аралығында толықтай қозғалыс ашылады, Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай трассалары және Орталық – Шығыс бөлігіндегі учаскелер пайдалануға беріледі.
    – «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы Еуразиялық экономикалық одақтың және Каспийаралық көлік маршрутының тұжырымдамасымен қаншалықты үйлесімді? Бір-біріне кереғар тұстары бар ма? Мысал келтірсеңіз?
     – Каспий аймағын және ЕАЭО елдерінің транзиттік әлеуеттерін арттыру және дамыту мақсатында бастамашылық етілген Каспийаралық халықаралық көлік маршруты (КХКМ) жобасының мүддесі, жалпы айтқанда, Қазақстанның көлік секторын нығайтудың және таяу бесжылдықта елдің орнықты және тұрақты дамуы жөніндегі «Нұрлы жол» бағдарламасының жаңа экономикалық саясатының мүдделерімен үндес.
   Жаңа экономикалық моделін құруды жүзеге асыру үшін елдің Батыс және Шығыс қақпаларын қалыптастыру жөнінде бірқатар инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Қытайдан келетін жолаушылармен жүк ағындарын қабылдайтын елдің шығысындағы Достық және Алтынкөл стансалары – «шекаралық қақпалар» болып табылады. Қазіргі уақытта «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА жобасын іске асыру аясында «құрғақ порт» құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жоба «Жетіген – Қорғас» теміржолы және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль дәлізімен технологиялық үйлестіру арқылы қысқа мерзімде Қазақстанның өңірдегі іскер, сауда және логистикалық хабы болуына, сондай-ақ, Еуропа мен Азияға шығуға, қуатты индустриалды-логистикалық хаб құруға мүмкіндік береді.
     Қазақстанның көлік-логистикалық инфрақұрылымының дамуы үшін Маңғыстау облысы аса маңызды көлік тарабы болып табылады. Сонымен қатар, Ақтау порты КХКМ маршрутының негізгі пунктерінің бірі екені белгілі. Паромдық кешен жобасын іске асырғаннан соң, Құрық порты Каспий маңы аймағының көлік ағынына қосылатын болады.
   2015 жылдың аяғында Құрық портының паромдық терминалын Каспий теңізі жағалауындағы салынып жатқан объектілермен байланыстыратын «Боржақты – Ерсай» теміржолы іске қосылды. Теңіз объектілерін іске асырудан тыс еліміздің батыс пен шығыс арақашықтығын қысқарту үшін 2016 жылы Жезқазған – Бейнеу теміржолы (1036 км) тұрақты пайдалануға беріледі.
   Сонымен қатар, Орталық және Батыс Казақстан аралығындағы көлік тосқауылдарын жою мақсатында Астана – Ақтөбе – Атырау – Ақтау – Жетібай – Жаңаөзен және Атырау арқылы Астраханьға шығу бағытымен Орталық-Батыс жобасын жүзеге асыру шешімі қабылданды. Оның халықаралық маңызы бар: Қазақстанды батыста – Әзірбайжан және Еуропамен, солтүстікте – Ресеймен, оңтүстікте – Иран арқылы Парсы шығанағы елдерімен, сондай-ақ оңтүстік-шығыс және оңтүстікте Өзбекстанмен және Түрікменстанмен байланыстырады.
    Мемлекеттік бағдарлама аясындағы барлық автожолдар заманға сай тиісті жол бойындағы сервис стандарттарына сәйкес келетін толықтай І және ІІ техникалық санатқа аударылатын болады. Жобалардың аяқталуына қарай төлемақы жүйесі енгізіледі. Бұл үшін де инвесторлар жұмылдырылатын болады. Автожол жобаларын іске асыруды аяқтау 2020 жылға қарай жоспарланған.
    – Аталған мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу барысында қолданыстағы заңдарға, тарифтік саясатқа және мемлекеттік бағдарламаны орындауға қатысатын органдарға құрылымдық өзгертулер енгізілді ме? Енгізілсе, себебін ашып көрсетсеңіз?
   – «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуына оң әсерін тигізетін «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» 5 институционалды реформа болып табылады. Олардың аясында көлік саласын реттейтін заңдарға өзгерістер енгізу қадамдары көзделген.
    Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының 12 заңына 84 түзету енгізуді көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол-көлік инфрақұрылымын, көліктік логистикасын және авиатасымалын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осы түзетулер аралас тасымалдарды ұйымдастыру салаларын және «авиациялық хабтар» ұғымын анықтауды белгіледі, олар мынадай шараларға бағытталған:
– халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында төлемақы жүйесін енгізуге байланысты нормаларды тәжірибе жүзінде қолданысқа енгізу үшін құқықтық тетіктердерді жетілдіру;
– аралас тасымалдарда және жүктердің транзитінде көліктің негізгі түрі болып саналатын теміржол көлігіне басымдылық бере отырып, еліміздегі көліктердің барлық түрлерінің тиімді жұмысын қамтамасыз ететін аралас тасымалдар жүйесін құру;
– жүкті әуетасымалы кезінде электрондық ресімдеуді енгізу.
– Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларында жүктердің авиациялық транзиті, сондай-ақ авиациялық транзиттік рейстер кезіндегі өзара іс-қимылдары бойынша бірыңғай талаптарды және технологиялық рәсімдерді бекіту туралы функцияны азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға беру.
Сонымен бірге, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамаларымен байланыстыру жөнінде жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Бұл ЕАЭО елдерінің көлік-логистика жүйесін байланыстырады және инфрақұрылымдық жобаларды дамытады.
   – Мемлекеттік бағдарламада көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша 15 жоба жоспарланған екен (автомобиль жолдары бойынша 11, су және әуе көлігі бойынша  2, теміржол бойынша – 2). Неліктен автомобиль саласына басымдылық берілген? Ол жобалардың маңызы қандай?
   – Жалпы, қазіргі таңда мемлекеттік-өңірлік құрылымды, ішкі және сыртқы нарықтарды қалыптастыратын қуатты фактор ретінде автомобиль жолдары еліміздің маңызды күретамыры болып табылады. Осы мемлекеттік бағдарламаның аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын реконструкциялау макроөңірлерді біртұтас сапалы автомобиль қатынасы жүйесіне байланыстырады. Бұл дегеніміз макроөңірлерді және хаб-қалаларды жақындатуға, өзара дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, еңбек көші-қонын жақсартып, азаматтардың қоныс аударуына қолайлы жағдайлар жасайды.
    Бүгінгі күні елдегі автомобиль жолдарының ұзақтығы 128,3 мың шақырымды құрайды. Оның 97,4 мың км жалпы пайдаланымдағы жолдар. Мұның ішінде 23,5 мың км республикалық маңызы бар, ал 73,9 мың км облыстық және аудандық маңызы бар жолдар.
    Қолданыстағы көлік инфрақұрылымының негізгі мәселесі – оның тозуы, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 33 пайызды құрайды. Мұндай жағдай елімізде жүк тасымалдауды дамытуға мүмкіндік бермейді. 2001 – 2014 жылдар аралығында автожолдардың тозуын қысқарту үшін ұзақтығы 58 мың км жалпы пайдаланымдағы автожолдарда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 14,8 мың км жол толықтай қалпына келтірілді. Бұл жалпы пайдаланымдағы автожолдардың күйін 31 пайызға жақсартты.
   2015 жылдан 2020 жылға дейін мемлекеттік бағдарламаның аясында заманға сай сервистік қызмет көрсету стандарттарына сәйкес келетін 6,7 мың километрден астам І және ІІ санатты автомобиль жолдары цементті және бетон-тас жамылғы төсеу арқылы салынады және қалпына келтірілетін болады. Бұл қазіргі жобалардың аяқталуына қарай төлемақы ақпараттық жүйесі енгізіледі. Ол үшін де инвесторлар тартылатын болады.
    2020 жылдың соңына қарай республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзақтығынан І және ІІ техникалық санатты автомобиль жолдарының үлесі 48 пайызды құрайтын болады. Жобалардың инвестициялық фазасы кезегіңде 200 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын болады.
    Автомобиль жолдарын І және ІІ техникалық санатқа ауыстыру нәтижесі еліміздің әр өңірі үшін өнімнің өзіндік құнындағы көліктік шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өңіраралық тасымалдардың жылдамдығын арттыру және тиісінше жол жүру уақытын, жол пайдаланушылардың шығындарын қысқартуға қол жеткізіледі. Жол сапасының жақсаруы көлденең көлік оқиғалары санын азайтып, жалпы алғанда оның экономикалық тиімділігі артады.
    Автожол жобаларын іске асыру нәтижесінде 2019 жылға қарай хаб-қалалар арасында бір бағытта жол жүру уақыты шамамен үш есеге қысқартылады. Жақсы және қанағаттанарлық техникалық жағдайдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 2020 жылдың соңына қарай 89% құрайды.
Барлық жоғарыда айтылған шаралар нәтижесінде автомобиль жолдарының жай-күйін жақсартуға және көрсеткішінің автомобиль жолдарының бәсекелестік индексінде көтерілуіне мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның 30  бәсекеге қабілетті елдердің қатарына кіру үшін қосымша серпін болады.
      – Белгіленген жобаларды жүзеге асыру ел ішінде қандай қосалқы салалардың дамуына ықпалын тигізеді?
     Автомобиль жолдарының құрылысында қазақстандық қамтуға ерекше назар аударылған. Ол өз кезегінде жол-құрылыс материалдары өндірісінің дамуына үлкен серпін береді.
Осылайша автожол жобаларында 90% астам отандық өндірістің жол-құрылыс материалдары қолданылатын болады. Автожол жобаларын жүзеге асыру үшін барлығы 42 млн м³ ұсақталған тас, 2 млн тонна битум және 2 млн тонна цемент қажет. Автожол жобаларын толықтай қамтамасыз ету үшін барлық қызмет етіп тұрған битум өндіретін төрт зауыт қатысатын болады. Цементті үздіксіз жеткізуді 10-нан астам зауыт қамтамасыз етеді.
    – Батыс елдерімен Ресей Федерациясының өзара санкциялар алмасу, кейінгі кездегі Түркиямен арадағы қақтығыстың салдары Қазақстанға жайсыз тиіп отыр. Ресей транзитпен Еуропадан, Украинадан, Түркиядан және т.б. мемлекеттерден біздің елге келетін тауарларға әлденеше рет заңсыз тосқауыл қойды. Батыс елдерінің Ресейге қатысты санкциясы күшейген сайын Қазақстан үшін оның экономикалық зардаптары  арта беретіні сөзсіз. Осындай шиеленісті жағдайлар «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға қаншалықты зиянын тигізеді.
     – Шынында да, бұл мәселе еліміздің көлік және логистикалық саласына ықпал етті. Бұл ретте, Инвестициялар және даму министрлігі өз құзіреті шегінде осы мәселені шешу үшін жан-жақты көмек көрсетуге күш жұмсауда. Атап айтқанда, министрліктер деңгейінде келіссөздер жүргізілді, сондай-ақ, отандық тасымалдаушыларға уақытша балама маршруттарды қолдану мүмкіндігі ұсынылды.
   «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына қатысты айтар болсақ, бұл бағдарламаның орындалуына Ұлттық қордан, Республикалық бюджеттен толық мөлшерде қаражат бөлінді. Сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарынан инвестициялар тартылды. Бүгінгі күні «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының жобалары бүкіл экономикаға мультипликативті әсерін тигізетін Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесін одан әрі дамытуға серпін береді деп сеніммен айтуға болады.
      – «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы толықтай жүзеге асырылғанда түпкілікті қандай нәтиже береді? Қазақстан үшін оның саяси-экономикалық маңызы қандай?
     – «Нұрлы жол» ауқымды мемлекеттік бағдарламасы әлемдік экономикадағы дағдарыстық ахуалдарға төтеп беру мақсатында қабылданды. Мемлекеттік бағдарламаның барлық көліктік шараларын іске асыру бірыңғай еуразиялық көлік жүйесінің қызмет етуінің негізгі буындарының бірі. Ашық теңізге тікелей шыға алмайтын мемлекет үшін экспорттық-импорттық тасымалдарды қолданыстағы бар мүмкіндіктерді пайдаланбай және жаңа құрлықтық көлік дәліздерін құрусыз жүзеге асыру мүмкін емес.
   Макроөңірлердің негізгі инфрақұрылымын (жолдар, порттар) дамыту құрылыс материалдары, туризм, өңдеу өнеркәсібі секілді аралас салаларын дамытуға оң әсер етеді. Сондай-ақ, жалпы еліміздің экономикасына маңызды мультипликативтік ықпал етеді.
    Негізгі автожол жобаларының құрылысы 2017-2018 жылдарға белгіленген, оның барысында 200 мыңға жуық тұрақты және уақытша жұмыс орындары ашылады. Құрылыс материалдарының қазақстандық қамту пайызы 90 % құрайтын болады.
   2020 жылға қарай І және ІІ санатты автомобиль жолдардың үлесі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 48 пайызын  құрайды. Тасымалдау жылдамдығын және көлік маршруттарын ұлғайту, көліктік шығындарды қысқарту және тиімді энергиямен қамтамасыз ету іскерлік белсенділікке, өнімділікке және еліміздің транзиттік мүмкіндігінің өсуіне оң әсерін тигізеді.
    Орталық-Шығыс макроөңірлік хабты дамыту Қытайдан Қазақстанға, Шығыс және Батыс Еуропа елдеріне келетін жүктің бірыңғай жеткізу және сақтау жүйесін, тек өтпелі жүк ағындарына ғана емес, сондай-ақ жергілікті тұрғындарға қызмет көрсететін мультимодальды орталық құруға жағдай жасайды. Басым инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, сондай-ақ халықаралық қаржылық ұйымдардан инвестициялар тарту экономиканың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған алғышарттарды қалыптастырады және өңірлік теңсіздікті азайтуға әсер етеді.
     – Уақытыңызды бөліп, өзекті мәселелер бойынша толымды сұхбат бергеніңіз үшін рахмет айтамыз.
 Сұхбаттасқан Дәулетқали АСАУОВ
 

 

Назад к списку статей