Редакционно-издательский центр

КОМПАНИЯНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ПАКЕТІ РЕСПУБЛИКАДАҒЫ ҮЗДІКТЕРДІҢ БІРІ

   Әлеуметтік ортада әділетсіздік орнаса, істен береке кетеді.  Бұл қағида бизнеске де жүреді. Осыған орай біз «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының өз қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, өмір сүру сапасын арттыру үшін қандай іс-шаралар атқарып жатқанын білу ниетімен Адами ресурстарды басқару департаментінің директоры Сәния Көшкенбайқызы Исмаиловаға сауал салған едік. 

    Сәния Көшкенбайқызы, ҚТЖ» ҰК» АҚ әлеуметтік саясатының негізгі бағыттары туралы әңгімелеп берсеңіз.

 «ҚТЖ» ҰК» АҚ әлеуметтік бағдар ұстанады. Жалпы, көлік-логистика холдингінде барлығы 130 мыңнан астам қызметкер бар. Кез келген ұйым бизнес-міндеттерден, стратегиялар мен мақсаттардан ғана тұрмайды. Оның негізін еңбек персоналы құрайды. Сондықтанда ҚТЖ компаниясының басты құндылығы – қызметкерлер.  Акционерлік қоғамның әлеуметтік саясаты – еңбек персоналын дамытуға, олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға, жалпы, қоғам өміріне белсенді атсалысуға бағытталған бағдарламаларға негізделген.
  Жыл сайын компания тобы аумағында әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарын жүзеге асыру бойынша жүргізілетін іс-шараларға қызметкерлермен қоса, 48 000 теміржолшы ардагерлер және 80 000 теміржолшылардың балалары қамтылады.
  Ұлттық компанияның әлеуметтік бағдарламалары келесі бағыттарда жүзеге асырылады:
  Саламыздың ардагерлеріне қамқорлық көрсету:
 Компанияның құрылымдық бөлімшелері мен еншілес ұйымдарында бекітілген 48 000 зейнеткермен жүргізілетін жұмысты қадағалайтын теміржолшы Ардагерлер кеңесі құрылған. Зейнеткерлер «Көлік қызметкерлер күні» кәсіби мерейтойы сияқты іс-шаралардың сыйлы қонақтары болады. Тәуелсіздік күні, Наурыз мейрамы кезінде зейнеткерлер арасында шахмат, дойбы, дартс, жүзу, асық ату сияқты спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі. 
  Шипажайлық-сауықтыру:
  Жыл сайын компания қызметкерлері мен зейнеткерлеріне жеңілдік негізінде шипажайлық-сауықтыру орталықтарына жолдама беріліп, олардың көпшілігі Бурабай курортында орналасқан Сәкен Сейфуллин атындағы емдеу-сауықтыру орталығында денсаулықтарын жақсартады. 2017 жылы 71% өндірістік, 29% инженерлік-техникалық және әкімшілік қызметкерлер шипажайға жолдама алған.
  Жастар саясаты:
  Компанияның кадрлік мүмкіндігінің негізгі элементі болғандықтан, Жастар саясаты бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылады. 2010-2017 жылдары 709 жас қызметкерлердің арасында кадрлік ротация жүргізілді. 18 000 адам 10-ға жуық жастар бағдарламаларына қатысты. 54 000 жас спорттық іс-шараларға атсалысқан. 7500 жас қызметкер флеш-моб, дөңгелек үстел, патриоттық, әлеуметтік және корпоративтік іс-шараларға қатысты.  
  Компания қызметкерлерінің балаларын әлеуметтік қамтамасыз ету:
 Республикамыздың балаларға арналған ең жақсы сауықтыру орталықтарында жазғы демалыс уақытында 6500 теміржолшы балаларына демалыс ұйымдастырылады. Балаларды қорғау күніне орай теспутұрақты түрде театрландырылған көрініс қойылады. Теміржолшы мамандығына қызығушылық тудыру, шығармашылық мүмкіндігін көтеру мақсатында 380-нен астам қызметкерлердің балаларын қамтыған «Балауса болашақ» сурет байқауы, «Алтын қалам» өлеңдер мен әңгімелер байқауы өткізіледі.    
 Корпоративтік мәдениетті қалыптастыру мен бекіту мақсатында жаңа жылдық таңғы іс-шара ұйымдастырылады. Жаңа жылды тойлау қарсаңында балаларға арналған сыйлық топтамалары беріледі.
  Жұмысшылар мен зейнеткерлерге Ұжымдық шарт аясында қандай әлеуметтік көмектер көрсетіледі?
 Тағы бір қайталап айтайын, компанияның өз қызметкерлері мен зейнеткерлеріне әлеуметтік көмек көрсету үшін сүйенетін негізгі құжаты – Ұжымдық шарт. 2018-2020 жылғы Ұжымдық шартта компания ерікті түрде беретін жеңілдіктер мен кепілдер жеке әлеуметтік пакетте көрсетілген.  
  Кезінде компанияның дамуына өзінің айтарлықтай білімі мен күшін жұмсаған, қазір зейнетте жүрген адамдарға құрмет көрсету ниетінде жыл сайын әлеуметтік қолдау көрсету үшін қаржы бөлінеді. Зейнеткерлерге тісті протездеуге, теміржол көлігімен жүру шығындарын өтеуге, жерлеу рәсімдеріне, мерейтойы кездерінде, сондай-ақ емделуге, төтенше жағдайлар кезінде, т.б. материалдық көмек көрсетіледі.
 Мүмкіндігіне қарай елімізден сырт жерлерге шипажайлық-курорттық сауықтыру орындарына жеңілдікпен жолдама беріледі, «Көлік қызметкерлері күні», «Жеңіс күні» мерекелерінде бір реттік материалдық қолдау көрсетіледі.
 Компанияның қызметкерлерін әлеуметтік қолдауы туралы жеке айтайық. Әлеуметтік пакет жыл сайын қомақты болып бара жатқанын атап өту керек. Жыл сайын әрбір қызметкердің мүддесі мен қажеттілігін ескере отырып, әрине, компанияның қаржылық жағдайына қарай, біз әлеуметтік пакеттік жақсартуға және қызметкерлер үшін жаңа жеңілдіктер мен кепілдер қарастыруға тырысамыз. Бұл қызметкерлерімізді ынталандыру үшін қажет.
 Чернобыль АЭС апаты салдарын жоюға қатысушыларға, интернационалист жауынгерлерге бір реттік материалдық көмек көрсету қарастырылды.
 Бұдан былай бала өсіріп отырған жалғыз басты қызметкерлерге көмек көрсету шарттарына өзгертулер енгізілді. 2 мектеп оқушысын асырап отырған жалғыз басты қызметкер 1 қыркүйекке бір реттік материалдық көмек алады. 2 және одан көп бала асырап отырғандар «Отбасы күніне» орай да бір реттік қолдау көреді.
 Теміржол көлігімен жол жүру шығындарын өтеуге қатысты айтсақ, осыдан бір жыл бұрын, 2017 жылдың сәуірінде қолданыстағы Ұжымдық шартқа компания қызметкерлері мен зейнеткерлеріне «Тальго» пойызының «Турист» санатына билет алуына рұқсат етілген өзгерту енгізілді. 2018-2020 жылғы Ұжымдық шартта «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталғандарға «Тальго» пойызының «Бизнес» санатында жол жүру шығындарын өтеу қосымша қарастырылған.
 Компания қызметкерлеріне ақшалай материалдық көмектен басқа, ақылы қысқа мерзімді демалыстар беріледі. Мәселен: сәбилі болғанда, оқумен байланысты, неке қию, туыстары қайтыс болғанда. 
 Жастарға, 3,⅟,5 санатты бекеттерге, айналма пунктеріне, жұмысқа келген мамандарға ерекше көңіл бөлінеді. Олардың сол жерге орнығып кетуі үшін бір реттік материалдық көмек беріледі. Алғашқы екі жылында жалақысына үстеме қосылады.
 Бұл жерде компанияның қызметкерлеріне көрсететін әлеуметтік қолдаудың тек негізгілері ғана айтылды. Ұжымдық шартта олардың өздеріне ғана емес, балаларына да көрсетілетін көмектер, өткізілетін спорттық шаралар мен жастар форумдары қарастырылған.
  Қайырымдылық шаралары туралы айтып өтсеңіз...
  «ҚТЖ» ҰК» АҚ әлеуметтік осал азаматтарға, балалар үйіндегі балаларға, ата-анасыз қалған балаларға, көп балалы жанұяларға, медицина-санитарлық психо-неврологиялық ұйымдардағы адамдарға, мүгедектерге, тұрмысы төмен санатты азаматтарға қамқорлық жасауды, қайырымдылық көрсетуді маңызды бағдар деп санайды. 
  «ҚТЖ» ҰК» АҚ Астана қаласының мүгедек балалар қоғамы, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ, «Үміт-Надежда» және «Мирас-А» қайырымдылық қоры, «Бауыржан» ҚҚ сынды коммерциялық емес ұйымдар мен Астанадағы №1 қалалық балалар ауруханасына қайырымдылық көмек көрсетіліп келеді. Ана мен бала орталығының онкологиясы орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларға қайырымдылық концерт қойылып, естелік сыйлықтар таратылды. Аталмыш акция Астана қаласында өз бастауын алып, еліміздің барлық аймақтарында «Қайырымдылық жолымен» атты жоба аясында жалғасын тапты.
  Жас теміржолшылар біріге отыра «Жастар бастама марафоны» атты қайырымдылық жобасын жүзеге асыру аясында «Ешкім, ештеңе ұмытылмайды» шарасын арнайы ұйымдастырылған жәрмеңкеден түскен қаржыға Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне сыйлықтар мен азық-түлік салынған себеттер жыл сайын сатып алынады.
  Компанияда «Теміржол жетекшінің гранты» жобасы қолға алынған. Жоба аясында топ-менеджерлер мен теміржол саласы қызметкерлері көп балалы, толық емес және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалардың жоғарғы және арнайы оқу орындарында оқу ақысын өз қаражаты есебінен төлейді.
Теміржолшылар жыл сайын өткізілетін «БлагоДарю» және «Баланы мектепке дайындаймыз» сынды жобаларға да белсенді түрде атсалысып, көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға кітап, оқулық, аяқ-киім, мектеп формасы, кеңсе тауарлары мен ойыншықтар тарту етіп жүр. «ҚТЖ» ҰК» АҚ әкімшілік ғимараты аумағында науқас балаларға қайырымдылық көрсетуге арналған жәшіктер орнатылған.
  Оған қоса, қызметкерлердің күшімен тұрақты түрде қайырымдылық жәрмеңкелер ұйымдастырылуда. Жәрмеңкеде қолмен жасалған әшекей бұйымдар, тоқылған киім-кешектер, пісірілген кондитерлік бұйымдар және т.б.заттар ұсынылады. Жиналған қаражат теміржолшылардың «ерекше» балаларын емдеуге, табиғи аппаттардан жапа шеккен тұрғындарға және т.б. көмек көрсетуге жұмсалады.
  «ҚТЖ» ҰК» АҚ іске асырып жатқан әлеуметтік жобалардың бәрі де ең алдымен қызметкерлер мен жастардың бойында адами қасиеттерді дамытып, оларды отансүйгіштікке баулуға бағытталған.
  Компанияның әлеуметтік пакетінде жұмысшылардың мұң-мұқтаждықтары толық қамтылған деп бағалайсыз ба?
 Адамдарға деген қамқорлық, олардың игіліктері, әлеуметтік қолдау мәселелерін шешу, жағдайларын жақсарту компанияның басым бағыттары болып қала бермек. Қызметкерлерімізге берілетін әлеуметтік пакет заңмен белгіленген кепілдер мен өтемақылық төлемдерге қосымша жеңілдіктерді қарастырған.
 Компания қызметкерлердің әлеуметтік қанағаттанушылығына қатысты тұрақты талдау жүргізіп тұрады. Әлеуметтік пакет олардың мүдделері мен мұқтаждықтарына орай әзірленген және жетілдіріліп отырады.
 Компанияның тек өз қызметкерлеріне ғана емес, сонымен бірге олардың балаларына, жас мамандарға, жұмыс істемейтін зейнеткерлерге беретін әлеуметтік пакетінің сапасы Қазақстан Республикасындағы ең қомақтының бірі деп санаймын.
  Компания жұмысшыларын баспанамен қамтамасыз ету үшін қандай бағдарламалар жүзеге асырылуда?
  Компания көлік саласындағы кадр әлеуетін сақтап, салаға еңбеккерлердің ынтасын арттыру мақсатында әлеуметтік кепілдіктерді орындайды. Оның ішінде еңбеккерлеріне қолжетімді жекеменшік тұрғын үй алуына қолайлы жағдай жасайды.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқармасы бекіткен Тұрғын үй комиссиясы туралы Ережеге сәйкес, филиалдарда жұмыс топтары құрылған. Олар еңбеккерлердің тұрғын үйге қатысты өтініштерін алдын ала қарағаннан кейін, тұрғын үй комиссиясына ұсыныс түсіреді.
  Орталық аппаратта тұрғын үйге мұқтаж жандардың есебін және тұрмыс жағдайын жақсартуды Адами ресурстарды басқару департаментінің қызметкерлері, ал филиалдарда кадр қызметінің персоналы жүргізеді.
Бүгінде «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтудың бірнеше бағыттары бойынша механизмдер жүзеге асырылады.
  Біріншіден: «ҚТЖ» ҰК» АҚ еңбеккерлеріне тұрғын үй бөлу және ақы төлеу мерзімін ұзарту,  тұрғын үйге мұқтаж жандарды тіркеуге қою, тұрғын үйін кеңейту туралы Ережесіне сәйкес, тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлерге баспананы 15 жыл уақытқа бөліп төлеу арқылы сату механизмі жұмыс жасайды.
  Екіншіден: Санаттарға жатпайтын және 1,2,3,4,5 санаттарға жататын бекеттерде жұмыс жасайтын «ҚТЖ» ҰК» АҚ еңбеккерлеріне корпоративтік тұрғын үйді жалға алу арқылы ұсыну механизмдері жүзеге асырылады.
 Бұл механизм арқылы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ еңбеккерлеріне, олардың отбасыларына, жеңілдетілген шарттар арқылы корпоративтік тұрғын үй кезегіне тұрып, белгілі дәрежеде жинақталған балл жүйесі арқылы тұрғын үй беру қарастырылған.
 Үшіншіден: «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының «Самұрық-Қазына жылжымайтын мүлік қоры» арқылы салынған тұрғын үйлерді ұсыну механизмдері қалыптасқан.
 Төртіншіден:«ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «Қазақстан халык банкі» 2013 жылы қол қойған шартқа сәйкес 9-10 пайыздық мөлшем арқылы ұсынылатын ипотекалық несие беру механизмдері жүзеге асырылады.
  Қазіргі таңда, «ҚТЖ» ҰК» АҚ тарапынан қызметкерлері арасында әлеуметтік міндеттемелерін орындау және дарынды мамандарды ынталандыру мақсатында тұрғын үй беру механизмдерінің қосымша жолдары қарастырылуда, осы бағаттағы жұмыстар жалғасуда.  
 
 
 
 

Назад к списку статей